МАҚСАТ АЙҚЫН, ТАПСЫРМАЛАР БЕЛГІЛЕНДІ - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2618 Статистика

МАҚСАТ АЙҚЫН, ТАПСЫРМАЛАР БЕЛГІЛЕНДІ

Бүгін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында онлайн-режимде Алматы аймақтық Ректорлары кеңесі болып өтті, онда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың еліміздің одан әрі даму бағытын айқындайтын «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.

Отырысқа Алматы аймағынан 50-ден астам ЖОО ректорлары мен өкілдері қатысты.

Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау сапасын жақсарту, студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу институттарын қолдау және т.б. бойынша қойылған міндеттерді егжей-тегжейлі талқылады.
 

Отырысты ашқан Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы ректоры Тілектес Есполов 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдаудың ерекшелігі Президенттің Қазақстанның білім беру мен ғылымды және АӨК жаңғырту мәселелеріне назары аударылғанын атап өтті. Ғылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін ғылым туралы заңнамаға ағымдағы жылдың соңына дейін өзгерістер енгізілетін болады. Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың жалақысы енгізілетін болады. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру үшін іріктеу өлшем-шарттары, қағидалары әзірленеді және бекітіледі. Сондай-ақ, гранттық қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту және Ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдеріне Апелляция институтын енгізу жоспарлануда. Ғылым мен білімді дамыту бойынша қабылданған осы шаралардың барлығы ел экономикасының тұрақты дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

"Қазақстан халқына Жолдауында Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы деп лайықты баға берілді. Жолдаудың өте маңыздылығы мен нақты құрылымы бізді тәнті етеді, тапсырмалар жүйелі, әрі айқын көрсетілген, бұл елдің одан әрі үдемелі дамуының стратегиялық бағыттарын қаматамасыз ететіні сөзсіз", - деді Тілектес Есполов.

Жолдау қазақстандық қоғамның ең күрделі және өткір мәселелерін шешуге бағытталған. "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі" деген атаудың өзі құжаттың әлеуметтік бағдарын, билік пен қоғамның ашық пікірталастарға дайын екендігін білдіреді. Бұл маңызды құжат қоғамды толғандыратын көптеген сұрақтарға жауап болды, онда мемлекеттік тіл, мемлекеттік қызмет, азаматтық қоғам және этносаралық келісім мәселелері терең қозғалды.

Сондай–ақ, Президент өз баяндамасын ең өзекті тақырып – студенттерді оқытуға бағытталған цифрлық платформалар мәселесіне арнады. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, лайықты ақы төленетін жұмысқа орналасуы. Дарынды ауыл жастарын қолдау бағдарламаларын жүзеге асыруға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, ЖОО-ға ақылы негізде түсетін 50 мың талапкердің 85%-ы – аз қамтылған отбасылардың балалары. Бұлар негізінен ауылдық жерлердегі балалар. Олар үшін мектептерде жалақысы жоғары "білікті және ынталы мұғалімдер" жұмыс істеуі керек.

Жолдауды оқып, түсініп, ондағы белгіленген міндеттер мен шешімдерді іске асыру бойынша студенттердің парызы мен жауапкершілігі сезімін қалыптастыру туралы да айта кеткен жөн. Құжатта "өз болашағын елімізбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге көңіл бөлуі тиіс" деп нақты жазылған.

Сондай-ақ, ел Президенті болашақта мамандықты саналы түрде таңдау мақсатында мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды. Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы осы мәселе бойынша колледждер мен мектептерге көмектесуге міндетті.

"Мысалы, біздің университетте аграрлық білім берудің үздіксіз жүйесін жүзеге асыратын "Агробілім" халықаралық қауымдастығы мен шағын академия құрылған: мектеп (лицей) – колледж – университет. Қазақстанның 9 облысы мен 99 ауданында университет қамқорлығына алынған мектептер бар", - деп жалғастырды сөзін Тілектес Есполов.
Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңде елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы білім беруді қамтамасыз етуге, өңірлік саясатты жетілдіруге, лайықты экожүйені қалыптастыруға, саяси жаңғыруға, адам құқықтарын қорғауға және қоғамды топтастыруға бағытталған бірқатар бастамалар көтерді.
Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша ректорлар кеңесінің мүшелері: С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Талғат Нұрғожин, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Мейрам Бегентаев, ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләлов, Ғұмарбек Дәукееватындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева, ХАТУ ректоры Асқар Хикметов, Каспий қоғамдық университетінің ректоры Жолдасбек Нүсенов және т. б. сөйлеушілер бұл Жолдау ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған саясаттың жалғасы екенін атап өтті. Сол арқылы негізгі саяси бағыттың сабақтастығы байқалады. Жолдаудың негізгі басымдықтарын белгілей отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтардың әл-ауқатын көтеру – оның Қазақстан Президенті лауазымындағы басты мақсаты екенін атап өтті. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Мемлекет басшысы 5 негізгі бастаманы ұсынды.

Алматы аймақтық Ректорлар кеңесінің мүшелері Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» Жолдауында айтылған бастамалар мен нақты қадамдарды толық қолдайды және қойылған тапсырмаларды жүзеге асыруға барлық күш-жігерлерін салады.

Сондай-ақ, отырыста Ректорлар кеңесінің мүшелері пандемия кезеңінде офлайн форматта жаңа оқу жылының қалай басталғаны туралы тәжірибелерімен бөлісті. ЖООларда оқу процестері бағыттары бойынша жұмыстарды жандандыру туралы ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысында Алматы аймақтық Ректорлар кеңесі отырысының тиісті шешімдері қабылданды.
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты