Қуантар Әлиханов ТМД бойынша 2021 жылдың үздік жас ғалымы - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2636 Статистика

Қуантар Әлиханов ТМД бойынша 2021 жылдың үздік жас ғалымы

#30_үздік_жас_ғалым

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жастар өміріне қатысты көптеген мәселелерге тоқталып, соның ішінде жас ғалымдардың қатысуымен қолжетімді және сапалы жоғары білім мен ғылымды дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау жасалып жатқандығын атап өтті. Жаңа оқу жылында отандық ЖОО студенттерінің, магистранттарының, докторанттарының және интерндерінің стипендиялары өсті. Қазақстанның болашағы жастардың жоғарғы білімімен, энергиясымен және патриотизмімен тікелей байланысты. Қазір мемлекетте жасалып жатқан барлық іс, олардың әлеуеті мен мүмкіндіктерін толық көлемде іске асыру үшін және олардың бақытты өмірі үшін жасалуда.

Бүгінгі таңдағы ғылыми қызметті дамытудың өзекті мәселелері – зерттеулердің жоғары нәтижелілігі мен сапасы болып табылады. Соңғы жылдары осы тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша қабылданған шаралар ҚазҰАЗУ-дың жас зерттеушілерінің ғылыми қызметін ынталандыруға бағытталуда.
 

Университетіміздің үздік жас ғалымдарының бірі, қауымдастырылған профессор – Қуантар Әлиханов. Ол ветеринариялық санитария, гигиена және тағам қауіпсіздігі саласының білікті маманы. 70-тен аса ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. Оның ішінде, 5 ғылыми мақаласы Web of Science және Scopus дерекқорына енетін импакт факторлы журналдарында, 30-дан аса ғылыми мақалалары БжҒМ БСҚК ұсынылған журналдарда жарияланған. 3 өнертабыстық патент, 2 авторлық куәліктің иесі. Әріптестерімен бірігіп, осы саланың студенттері үшін 4 оқу құралын даярлаған. Сондай-ақ, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша ғылыми жобалардың жұмыс тобымен 20-дан аса өндіріске енгізу актілері мен ұсыныстардың авторы. Elsevier баспасының Польшадағы «Polish Annals of Medicine» импакт факторлы ғылыми журналының рецензенті. Польша (Беласток, Ольштын, Вроцлав), Түркия (Стамбул, Анкара, Анталья, Конья), Сингапур, Латвия, Беларусь, Болгария, Украина, Финляндия, Ресей (Москва, Санкт-Петербург, Томск, Барнаул), Қытайдың ЖОО мен ғылыми-зерттеу орталықтарынан ғылыми тағылымдамадан өтіп, халықаралық конференциялар, форумдар, симпозиумдар мен конгресстерге қатысқан.

Қуантар Әлиханов заманауи дезинфекциялық құралдарды әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Дайындалған инновациялық дезинфекциялау препараттары инфекциялық аурулардың таралуын болдырмай, жануарлардың сақталуы мен өнімділігін арттыруға, өндірілетін мал шаруашылығы өнімінің санитариялық сапасын арттыруға ықпал етеді. Экологиялық қауіпсіз отандық дезинфекциялық құралдар ветеринариялық мал шаруашылығы, құс шаруашылығы объектілерінде және қайта өңдеу кәсіпорындарында микробқа қарсы тұрақты режимді қамтамасыз етеді.
 

Оларды мал шаруашылығы кешендерінде жануарлардың денесіне улы әсер етпейтіндей мөлшерде кеңінен қолдануға болады. Мұндай препараттарды қолдану дезинфекцияны қажетті уақытта (қажет болған жағдайда) жүргізуге және жануарларды ұстау жағдайларын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Қуантар сонымен қатар 2021-2023 жылдарға арналған жас ғалымдарға арналған "Қауіпсіз қосылыстар негізінде жұқпалы аурулардың алдын-алу және жою үшін дезинфекциялық құралдарды әзірлеу" атты тақырыптағы гранттық қаржыландыру ғылыми жобасының жетекшісі болып табылады.

Жоғары ғылыми жетістіктері үшін ҚР БҒМ жас ғалымдарының мемлекеттік ғылыми стипендиясының иегері атанды. ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қорының, «Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті, «Білім өркениеті» ҰИҒЗО директорының және ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-Ректорының алғыс хаттарымен марапатталған.

Сондай-ақ, Қуантар Қазақстан жас педагог-ғалымдар Қауымдастығының және Ветенария ғылымдары бойынша докторлық диссертациялық кеңестің мүшесі. ҚР БжҒМ Білім беру бағдарламаларын реестрге енгізу бойынша тәуелсіз сарапшысы. 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры тағайындаған жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жобалары мен жұмыстарын қаржыландыруға арналған гранттар байқауының жеңімпазы. ТМД бойынша 2021 жылдың үздік жас ғалымы. Оның ғылыми шәкірттерінің арасында – 8 ғылым магистрі бар және ол қазіргі таңда 1 PhD докторанттың ғылыми жетекшісі.

Қазіргі таңда Қуантар Әлиханов – ҚазҰАЗУ «Клиникалық ветеринариялық медицина» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқаруда, сондай-ақ Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі болып табылады.
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты