Көктемнің алғашқы мерекесі - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #32 Статистика

Көктемнің алғашқы мерекесі

Жыл сайынғы болып жататын мерекелердің арасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінің алар орны ерекше.


Өйткені анасын ардақтамайтын адам жоқ. Сонымен бірге біреудің әкпесі, біреудің жеңгесі, біреудің қызы, біреудің досы осы мерекенің басты куәгері болып табылады. Сондықтан да қыз-келіншектер мерекесі жалпы түрде көктемнің алғашқы мейрамы ретінде қызғалдақтар мерекесі болып аталып кеткендігінің артықшылығы жоқ, қайта дұрыс атауын тапқан.


Қазақ ұлттық аграрлық университеті жыл сайынғы дәстүр бойынша әйелдер мерекесін әспетті дайындықтарымен қарсы алды. Білім ордасының сыртынан ішіне дейін ажарлы безендірілуімен көңілдерді баурап алды. Салтанатты сәттің өтетін орны - Мәжіліс залы да айырықша көз тартарлықтай болып кеткен.

Әйелдер қауымын құттықтауға арнайы келген университет ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполов олардың алдында ризашылық сезімін жасыра алмай:
- Мен Сіздерді бүгінгі төл мерекелеріңізбен шын жүрегімнен қуана құттықтаймын. Ақ жаулықты аналардың мерекесі кім үшін болса да үлкен бақыт. Сіздердің арттарыңыздан ерген ізбасарларыңыз сіңлілеріңіздің, абысындарыңыздың, құдағиларыңыздың, қыздарыңыздың бұл мейрамда мәртебелері биікте, мерейлері аспанмен астасып тұрғандай болады. Солай адамға әсер қалдырады. Ана өмірдің тірегі, ана өмірдің жүрегі деп тегін айтылмаған. Ана бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесікті тербетеді. Өмірде анадан асқан ардақты адам болмас,- деп Тілектес Исабайұлы қоғамдағы ананың алар орнына кеңінен тоқталып өтті.


Бұдан кейін сөйлеген адамдар да бұл мерекенің ерекшелігіне баса мән беріп, аналар алдында ағынан жарылды. Одан соң университеттің Мәдениеттану кафедрасы дайындаған кең бағдарламалы игілікті іс-шарасы бастау алды. Онда көркемөнерпаздар үйірмесі, «Алтын дән» ансамблі, «Гүлбану» ән-би ансамблі және дәстүрлер үйірмелері жиналғандарды өз өнерлерімен көңілдерін көкке көтеріп тастады. Бір топ аналарға салтанатты түрде марапаттау қағаздары мен сый-сияпаттар тапсырылды. Сөйтіп, әйелдер мерекесі елдің есінде қаларлықтай болды.
   

Суреттерді түсірген М. Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты