«ҚазҰАЗУ 30 үздік жас ғалым»: Бекзат Төрегелдиев - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2634 Статистика

«ҚазҰАЗУ 30 үздік жас ғалым»: Бекзат Төрегелдиев

#30_үздік_жас_ғалым  

Өткен аптада Алматыда «Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» атты Халықаралық жас ғалымдар форумы болып өтті. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті 2018 жылдан бастап университет Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының демеушілігімен өтетін осы Халықаралық жас ғалымдар форумының бірлескен ұйымдастырушысы болып табылады.

Сондай-ақ, оқу орнында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 ғылыми жоба», «30 үздік жас ғалым», «30 үздік стартап-жоба» және т.б. жобалар іске қосылды. Бұл жас зерттеушілер мектебінің тиімділігін дәлелдейді. Бүгінде жас талантты ғалымдарды қолдау үшін елеулі күш салынуда. Жастарды ғылымға тарту және ынталандыру жүйесі жаңа ғылыми жетістіктерге жеткізуге жол ашуда. Осының аясында магистранттар мен докторанттарды ғылыми-зерттеу саласына тарту жұмыстары жүйелі жолға қойылған.

Бүгінде ҚазҰАЗУ жас ғалымдарымыз Қазақстан ғылымын, оның ішінде АӨК саласын дамыту бағыты бойынша Тұңғыш Президент-Елбасы Қоры жанындағы мамандандырылған секцияны басқарып отыр. Осының өзі университеттің қатысумен алға жылжыған ғылымының деңгейін және жастарымдың қоғамдағы беделінің биіктігін аңғартады. Бұл қадамдар университеттегі жас зерттеушілер мектебінің тиімділігін растайды.

Соңғы жылдары ғана ҚазҰАЗУ оқытушыларының қатарына дамыған шет елдерде білім алған 200-ден астам жас ғалымдар келіп қосылды. Кафедра меңгерушілерінің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының 57 пайызы жас PhD ғалымдары. Жақында ҚазҰАУ Ғылым департаменті «30 үздік жас ғалым» жобасы аясында оқу орнының 30 үздік жас ғалымын анықтады.

Солардың бірі – "Жеміс-көкөніс шаруашылығы" мамандығы бойынша PhD атанған жас ғалым Бекзат Төрегелдиев. Ол көкөністер мен жемістер өсіретін қарапайым фермердің баласы ретінде шаруашылықта шыңдалып өсті. Жас кезінен ауылда және үйде ата-анасымен бірге тұрып, көкөніс алқабында еңбек еткен. Еңбек ете жүріп, басқа құрдастарынан білім жағынан қалмас үшін үнемі оқып-ізденіп, көп талаптану керек болды. Бекзат жергілікті жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлегі атанды, Альберта (Канада) университетінде оқыды. "Holland Innovation Challenge" жобасына қатысып, онда тік жылыжайларда жеміс және көкөніс дақылдарын өсіруді дамытқан өз жобасы бойынша конкурста жеңіске жетті. Жұмыс нәтижелері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қойылды. 20-дан астам ғылыми жарияланымдары шығып, 2 ұсыныс пен Қазақстан жағдайында органикалық көкөніс дақылдарын өсіру бағытында бір патентке ие болды.

Елімізде қазіргі уақытта экологиялық таза өнімдер өндірісі де, өткізу нарығы да дамудың алғашқы сатысында екенін бәрі біледі. Тұрғындар органикалық таза өнім туралы көп біле бермейді немесе мүлде естімеген десе де болады. Көкөністер негізінен жаңа піскен және таяз өңдеуден кейін ғана тұтынушыға жетеді. Сондықтан, ұлт денсаулығы үшін өндірілетін өнімнің экологиялық таза болуының маңызы зор.

Аграрлық секторды дамыту проблемалары және оларды шешу жолдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі" Жолдауында да кеңінен айтылды. Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту үшін толыққанды сапалы өнім пайдалану, сапалы тамақтану, табиғи көкөністер өндірісі ерекше өзектілікке ие. Университеттің жас ғалымдары қолда бар жаңа технологияларды пайдалана отырып, экологиялық таза көкөніс дақылдарын өсіру бағыты бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа әдістер әзірлеуге барынша күш-жігерін арнап келеді.

Бекзат халықаралық форумдарда, сессияларда және жобаларда, оның ішінде герман-қазақстандық аграрлық-саяси диалог жобасында (Ганновер, Германия, 2016), "Бір белдеу, бір жол" форумында (Харбин, 2017), Еуразиялық апта форумында (Ереван, Армения, 2018) баяндама жасаған. Серіктестік бағдарламасы семинарының ұйымдастырушы болды (Алматы).

«Жібек жолы бойындағы ауыл шаруашылық қайта құру: Орталық Азия аймағындағы қайта құрылымдау, ресурстар және сауда» тақырыбы бойынша конференция-симпозиумды дайындауға қатысқан. Польша, Нидерланды Корольдігі, Қытай, Ресей, Израиль, Болгария және Германияда ғылыми тағылымдамадан өткен өте білікті жас ғалым.

Ол 2017 жылдан Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің Жас ғалымдар Кеңесінің төрағасы, әрі ҚазҰАЗУ халықаралық ынтымақтастық басқармасын басқарады. Университетке шетелдік серіктестерді ынтымақтастыққа тартумен айналысады. Туған елінің нағыз патриоты ретінде ол 2018 жылы осы саланың жас ғалымдарына көмектесу үшін SMART DAMU жастар еріктілер қозғалысын ашты. Өткен жылы 1000-нан астам студенттер мен жас мамандарды ғылымға, сондай-ақ ағылшын тілін үйренуге баулыды.

Жас болса да, бас болып жүрген Бекзат Төрегелдиевтің білімі мен машықтары болашақ жас агрономдарға, жеміс-көкөніс өсірушілерге жақсы үлгі боларлық және көкөніс дақылдарын өндіру саласында үлкен үміт күттіреді.
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты