Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ақын О.О.Сүлейменовке - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2625 Статистика

Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ақын О.О.Сүлейменовке

Қадірлі ОЛЖАС ОМАРҰЛЫ!
 
Белгілі әріптесіміз, қоғам қайраткері, «Семей-Невада” халықаралық антиядролық қозғалыстың референт-үйлестірушісі, жаны жайсаң азамат, асыл бауырыңыз Қарағұлов Серік Әбдуәлиұлының дүниеден озғаны туралы қаралы хабар қабырғамызды қайыстырды. Бұл қаза – Сіздің ғана емес, бүкіл қазақ руханиятына ортақ ауыр қайғы.

Біз Өзіңізді әлемге танымал ақын, ел мен елді жалғастырған дипломат, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, ел бастаған алып тұлға, тектіліктен тамыр тартқан аға-дос ретінде ерекше қадір тұтамыз. Сіз қасиетті қалам құдіретін Тәуелсіз қазақ елінің қалыптасып, дамуына жұмсап, ел тағдыры мен Жер тағдыры үшін сонау тоталитарлық кезеңнің өзінде батыл күрескен, көшбасшылық тізгінді ұстаған, қоғамның көзі мен тілі болған айбарлы азаматсыз.

Сіз он мыңдаған ауыл балалары білім алып, тәрбиеленетін, ауылшаруашылығы саласындағы білім мен ғылымының қара шаңырағы боп саналатын біздің университетпен тығыз қарым-қатынаста байланыс жасап келесіз. Осы оқу орнында мәдениеттерді жақындастыру, әлем идеяларын іс жүзінде жүзеге асыру және планетарлық сананы экологиялық тәрбиелеу алаңы болып табылатын "Таза планета" танымдық орталығы және жас ақындардың "Олжас оқулары" руханият клубы жұмыс істейді.
 


Біз өзіңіздің ең жақсы көретін сүйікті спорт түрі – волейбол екенін білеміз. Сондықтан, университетте жыл сайын Сіздің атыңыздағы жүлдеге арналған волейбол турнирін өткізеді, оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан ардагерлері қатысады. Рухани жанды қарым-қатынас барлық студенттердің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдыратынын көріп жүрміз.

"Ауыл жастары – қазақ халқының мәдени таза бұлағы. Дәстүрлерді құрметтеу, үлкендерді құрметтеу – олардың қанында бар қасиет» деп өзіңіз айтқандай, алдағы уақытта да бұл әріптестік байланысымыз жалғаса беретініне сенеміз.

Сүйікті бауырыңыз Серік Әбдуәлиұлының соңында іздеушісі және өрелі істері мен өмірін жалғастырар ұлағатты ұрпағы бар екенін жаныңызға медет тұтыңыз. Болған іске болаттай берік болыңыз!
Сізге Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы мен студенттерінің, өз атымнан көңіл білдіре отырып, өзіңізге және отбасыңызға амандық, бақ-береке, ынтымақты өмір тілейміз!
 
Ізгі ниетпен,
ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы-Ректор,
ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты