ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2621 Статистика

ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫНЫҢ КӨРНЕКТІ ТҰЛҒАСЫ

Бүгін біз ардақты ұстазымыз, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясының академигі, ғылым және қоғам қайраткері, агрохимия және топырақтану саласының аса көрнекті маманы,  Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ардагер профессоры Елешев Рахымжан Елешұлын ақтық сапарға шығарып салдық.

Бұл қаза – бүкіл қазақ ғылымы мен біліміне ортақ ауыр қайғы. Жан-дүниесі бұлақтай таза, парасатты мінезімен, терең білімімен, қажымас қайратымен, адал еңбегімен туған халқына үлгі-өнеге болған қадірлі ағамызбен қоштасу рәсіміне Қазақстанның әр қиырынан белгілі азаматтар  қатысты. ҚР Президент әкімшілігі, Парламенттің Сенаты мен Мәжілісі, Үкімет мүшелері, министрлер көңіл айту жеделхаттарын жолдап, лебіздерін білдіріп жатыр.

Қаралы жиында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР ҰҒА Вице-президенті Тілектес Есполов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті, академик Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ақпараттық және есептеу технологиясы институтының Бас директоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Агроинженерия ғылыми-зерттеу өндіріс орталығының басқарма төрағасы Сейітқазы Кешуов,Оспанов атындағы Топырақтану және агрохимия    ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Бейбіт Сүлейменов, Қаратөбе ауданының әкімдігінің өкілі және бауырлары сөз сөйледі.
 

Білім беру мен ғылым саласында жарық жұлдыздай жарқырап, соңына өшпестей із қалдырған Рахымжан Елешұлы 1938 жылы 13 маусымда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданындағы Саралжын ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Абай атындағы Мемлекеттік педагогика институтының биология және химия факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған. 

Сол кезеңде Қазақ ауыл шаруашылығы институты аталған біздің университетке арнайы жолдамамен ассисент-ұстаз ретінде қабылданған. Рахымжан Елешұлы осы қара шаңырақта өмірінің соңына дейін табан аудармай еңбек етті: аға оқытушы, доцент, кафедра менгерушісі, факультет деканы, бірінші проректор, Агробиология және экология ғылыми зерттеу институтының директоры, «Топырақтану және агрохимия» кафедрасының профессоры баспалдақтарынан абыроймен өтіп, 60 жыл бойы жемісті қызмет атқарып келді. 

Р.Е.Елешев отандық ғылымды дамытудағы айырықша еңбегі лайықты бағаланып, А.И.Бараев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»  атанды. ҚР Президентінің жарлығымен «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, көптеген мерекелік медалдармен марапатталды. Бұл жетістіктер – біздің университет үшін де үлкен абырой!
 
 

Жақын әрі сүйікті адамнан айырылу – орны толмас қайғы. Бүтін бір әулеттің ғана емес, барша ағайын-жұртына, туған еліне шын ниетімен берілген асқар таудай ағамыздың-әріптесіміздің жарқын бейнесі ұрпақ жадынан ешқашан өшпейді. «Адам ұрпағымен мың жасайды». Қажымас қайратымен, адал еңбегімен үлгі-өнеге көрсетіп кеткен аталарының көрмеген жақсылықтарын ұрпағының көруіне нәсіп етсін!

Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» – деген қанатты қағида бар. Ел алдында абыройлы қызмет атқарған тұлғаның соңында іздеушісі, өрелі істері мен өмірін жалғастырар ұлағатты ұрпағы бар абзал атаның асыл болмысы, есімі ешқашан ұмытылмайды. 

Біз, ғылым мен білім саласындағы қатар жүрген барша әріптестері Рахымжан Елешұлының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады!

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы мен өз атымнан отбасына, барша әріптестерімізге көңіл айтамыз. Рахымжан ағамыздың  жатқан жері жаннатта, иманы жолдас болсын! 
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты