ҚАЗАҚСТАН БІЛІМІ МЕН ҒЫЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА СЕРПІН - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2616 Статистика

ҚАЗАҚСТАН БІЛІМІ МЕН ҒЫЛЫМЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҢА СЕРПІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар - елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы бойынша бүгін Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырған дөңгелек үстел болып өтті. Оған Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР ҰҒА вице-президенті Т.И.Есполов қатысты.

Алматы қаласы еліміздің білім беру орталығы болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның 125 жоғары оқу орнының 39-ы Алматы қаласында орналасқан, бұл 31% - ды құрайды. Әрбір төртінші студент, екінші магистрант және екінші докторант Алматыда оқиды. Әлемнің үздік университеттерінің QS халықаралық рейтингіне кіретін 14 қазақстандық ЖОО-ның 8-і Алматы қаласынан.
 

Барлық жоғары оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті және тәжірибеге бағдарланған мамандарды дайындауға бағытталған білім беру бағдарламаларын жаңартуы қажет деп есептеймін.

Жолдауда «қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде бітіруші түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін» делінген. Жоғары оқу орындары мамандардың сапалы даярлануына жауап беруге міндетті». Бұған келіспеуге болмайды. 

Болашақ мамандар университет қабырғасында жаңа білім алып, инновациялық технологияларды меңгеруі тиіс. Ол үшін университеттер ғылыми және білім беру инфрақұрылымын үнемі жаңартып, жаңғыртып отыруы қажет.

Жоғарыда айтылғандай, Мемлекет басшысы жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсетін 50 мың үміткердің 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары екенін атап өтті. Бұл арада олардың көпшілігі ауылдық жерлердің балалары. Ол үшін мектептерде жоғары жалақысы бар «білікті және ынталы мұғалімдер» қызмет жасауы керек. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Алдағы үш жылда осы мақсаттарға 1,2 трлн. теңге бөлінбек.

Ел Президенті болашақта мамандықты саналы түрде таңдау үшін мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмысының қажеттілігіне ерекше тоқталды.

Жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы колледждер мен мектептерге осы мәселе бойынша көмектесуге міндетті.

Мысалы, біздің университетте аграрлық білім берудің үздіксіз жүйесін жүзеге асыратын Халықаралық «Агробілім» қауымдастығы мен Кіші Академия: мектеп (лицей) - колледж – университет жүйесі құрылды. 

Алматы сондай-ақ, ғылымның орталығы. Қаламызда Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы, 21 ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Бұл мемлекетіміздің орасан зор ғылыми әлеуеті!

Осыған орай, Мемлекет басшысы елдегі ғылымды дамытуға баса назар аударды. Олар: жетекші ғалымдар үшін тұрақты және лайықты жалақы тағайындау; ғылымды базалық қаржыландыру; іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру; ғылыми жобаларды жүзеге асыру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту.
Ұлттық ғылыми кеңестер шешімдерінің объективтілігі үшін Апелляциялық институт енгізуді тапсырды.

Білім мен ғылым саласын жаңғырту туралы тапсырмалардың барлығы ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Осылайша, еліміздің білім және ғылым саласы алдында үлкен міндеттер тұр. Біз уақыт талабына сай бір саты алда болып, тың идеялар мен жаңашылдықтар ұсына білуіміз керек.
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты