Дана халықтың ұлы-Абайы! - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #1964 Статистика

Дана халықтың ұлы-Абайы!

Азық – түлік өнімдерінің технологиясы  мамандығының  204-ші қазақ  тобы студенттері мен топ тәлімгері Ашимова Перизат Бақытжанқызының ұйымдастыруымен “Дана халықтың ұлы-Абай” атты кеш өтті. Осы кешті өткізуінің басты мақсаты:  ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп оқу. Көркем сөйлеуге, өз бетімен іздене білуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге жетелеу.

Сазды кешті аталмыш топтың студенттері ақынның «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындап ашты. Жүргізушілер: Оразбекова Назерке мен Калыбаев Нұрбол  көрермендер мен кеш қонақтарына жылы лебіздерін білдіре отырып ұлы тұлға жайында тың деректермен бөлісті. Сонымен қатар Азық –түлік өнімдерінің технологиясы мамандығының 204-ші қазақ тобының дайындаған «Абай биографиясы» атты бейнеролик назарға ұсынылды.

Сонымен қатар Қаттабекова Мадина мен Сайынқызы Гүлнұрдың орындауында халық әні «Балапан қаз» орындалды.
 

 «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс»,- дейді Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев. Орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін – Шекспир, грузиндер үшін – Руставели қандай ұлы құбылыс болса, қазақтар үшін Абай да сондай теңдессіз құбылыс деген К. Кулиевтің сөзін назарға ала отырып жүргізушілер «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» айдарын Абай лирикасынан бастады. Кешіміздің бұл бөлігінде:

Ыбирайм Ернар «Білектей арқасында өрген бұрым»
Сайынқызы Гүлнұр «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай»
Аманқұл Қыздархан «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?»
Есболды Сандуғаш «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»

Бекмұханбет Дәурен «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсы біреуі де мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Ұлы ақынның қара сөздерін жаттап қана қоймай жадына сақтаған студенттер қара сөзден үзінді келтірді:

19-қара сөз Сержанова Құндызай
24-қара сөз Құлымбетов Мұхамедәли
45-қара сөз Әбдірасыл Динара

«Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды. Ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді»,-деп қазіргі жастарымыздың  Абай өмірі мен шығармашылығынан қаншалықты хабардар екеніне баға бермек үшін көрермендерге арнайы ойын ойнатылды.

Бұл өткен іс-шараны қорытындылауға «Технология және биоресурстар» факультетінің деканы Буралхиев Батырхан Азимхановичке, «Азық түлік өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі Мамаева Лаура Асылбековнаға сөз берілген болатын. Кеш қонақтары мен оқытушылар өз кезегінде жылы лебіздері мен ықыластарын білдірді.
 

Қауым. профессор Жамурова В. С.
Аға оқытушы Ашимова П. Б.
Аға оқытушы Муратбекова Қ. М.
 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты