Беларусь мамандарымен әріптестік байланыс - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #2243 Статистика

Беларусь мамандарымен әріптестік байланыс

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Беларусь елінің тауарөндірушілері екі күндік жұмыс сапарымен болып, оқу орнындағы, Call Center «Agrodamu» мамандарымен, оқытушы-ғалымдармен кездесіп, әріптестік бағыттарды талқылады.

ҚазҰАЗУ базасында өткен іс-шара ет-сүт, өсімдік шаруашылығы және басқа да өнімдерді өндіру мен қайта өңдеуде тәжірибе алмасу саласында өзара тиімді ынтымақтастықты орнатуға, сондай-ақ оны қазақстандық нарықта және үшінші елдердің нарықтарында өткізу бойынша байланыстарды орнатуға бағытталған.

Кездесу аясында қонақтар Call Center «Agrodamu» мамандарымен пікір алмасып, жоғары оқу орнының ғылыми инфрақұрылымымен танысып, университет жанындағы Агротехнологиялық хабтың инновациялық орталықтарында: Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы, Су орталығы, Тұрақты егіншілік орталығы, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығының көрсетілім алаңында болды.
 

Кездесудің алғашқы күні беларустық әріптестермен Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Курдеко Александр Павлович арнайы жиын өткізіп, университеттің зерттеу бағытында атқарған жұмыстарымен таныстырып, алдағы мақсаттар туралы баяндады.

Кездесудің екінші күні – 4 қарашада ет, сүт өнімдері мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін, агроинженерлік сервисті және т. б. өндіретін және қайта өңдейтін Беларусь кәсіпорындарының басшылары университетіміздің ғылыми жобалармен айналысатын оқытушы-ғалымдарымен пікірлесіп, жергілікті тауарөндірушілермен тәжірибе алмасты.
 

Кездесудің модераторы – Агрономия кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА академигі Кененбаев Серік Барменбекұлы беларустық тауарөндірушілермен алдағы уақытта бірлесіп атқаратын жобалар барысын талқылады.

Қазіргізаманғы ауылшаруашылығы техникасын меңгерген агроинженерлік кадрларды даярлау және қайта даярлау сапасын арттыру үшін ҚазҰАЗУ базасында Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталық құрылған. 2019 жылы орталық 75 бірлік трактормен, комбайнмен және басқа да ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылды.

Университетте осындай инновациялық орталықтың құрылуы ғалымдар мен білім алушылардың ғылыми ізденістерін жүзеге асыруға және ұтымды шешімдерді Қазақстанның аграрлық секторын дамытуға қажетті инновациялық жобаларға айналдыруға жаңа серпін берді.


Call Center «Agrodamu»,
Фото: Мамыржан БОТАБЕКОВ

 
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты