Ауыл шаруашылығының су секторын дамыту - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #285 Статистика

Ауыл шаруашылығының су секторын дамыту

Қыркүйек айының екінші жартысында оқу орнымызға Германияның Дрезден технологиялар университетінің профессоры Маттиас Крамер іс-сапармен келген болатын. Крамер мырза бұл кездесудің ауыл шаруашылығы және су ресурстары саласындағы Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол  ашатынына сенім білдіріп,  ҚазҰАУ базасында осы салада кәсіпкерлікті дамыту бойынша халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлаған болатын.
Бүгін аталған жоспар жүзеге асып,  ұлттық аграрлық университеттің Мәжіліс залында «Қазақстанда су ресурстарын тұрақты басқару және судың сапасын бақылау бойынша іскерлік орнату» тақырыбында Халықаралық конференция өтті.  

photo
Шараның басты мақсаты - неміс тәжірибесіне негізделген  жаңа технологиялар мен ұсыныстарды таныстыру, Қазақстан мен Германия арасындағы су ресурстары бойынша  ынтымақтастықты, кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
Конференция жұмысын университет ректоры, академик Тілектес Исабайұлы Есполов ашып, Қазақ ұлттық университетінің инфрақұрылымына, оқу орнының өндірісті, мемлекеттер арасындағы әріптестікті дамытуға қосып жатқан үлесіне тоқталып, бұл конференцияның екі мемлекет үшін де маңыздылығын атап өтті:
«Бұл Қазақстан-Германия елдері өкілдерінің арасындағы бизнес-кездесу - Германияның су секторы саласындағы  компаниялары мен ғалымдардың арасындағы жемісті келіссөздердің нәтежиесі. Шараның негізгі мақсаты да  су ресурстарын басқару және тәжірибе алмасу саласында  екі ел  арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнату болып табылады.

Бүгін конференциямызда:
- Су саласындағы сапаны бақылау;
- Жауыннан қалған ағын суларды қайта өңдеу;
- Жер асты құрылысындағы су деңгейін төмендету;
- Ауыз суды тазалау және кәріздік тазарту құрылыстарының жалпы тиімділігін арттыру сияқты мәселелер талқыланады», -деді ректор.
Конференцияға Алматы қаласы  ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Шыңғысбек Сұлтанбеков, Германияның Экономика және энергетика Федералдық министрлігінің өкілі Франк Вайсиг, Орталық Азиядағы Германия экономикасы уәкілдігінің басшысы, Қазақстандағы Неміс экономикасы одағының төрағасы Йорг Хетч  және Дрезден технологиялар университетінің профессоры Маттиас Крамер т.б қатысты.

photo
photo
Йорг Хетч  мырза Қазақстандағы бизнестің өзекті мәселеріне тоқталып, Германия кәсіпкерлерінің Қазақстанмен бірлесе жұмыс атқаруға қашан да дайын екенін айтты:
«Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі, себебі елдегі сыртқы сауданың 80% -дан астамы Қазақстанға тиесілі. Соңғы жылдары Қазақстан Германияға мұнай тасымалдаушы 5 ірі мемлекеттің біріне айналды, бұл Германия экономикасын  әртараптандыруға  үлес қосады. Неміс компаниялары түрлі салалар бойынша қазақстандық кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істейді. Қазақстандағы германдық импорттың шамамен 30%-ы машина жабдықтары,   17% -дан астамы электротехника және электроника, ал 8% - көлік құралдары және қосалқы бөлшектер болып табылады. Сондай-ақ, біздің ел сорғылар өндірісі мен құбыр жабдықтарын, өзге де ноу-хау технологияларды тасымалдаумен айналасады", - деді.
Ресми жиыннан кейін қазақстандық кәсіпкерлер, ғалымдар, оқу орнымыздың магистранттары мен докторанттары Германиядан келген өкілдермен іскерлік кездесуге мүмкіндік алды. Бас ғимараттың бірнеше аудиториясында әр компанияның өкілдері жеке-жеке келіссөздер жүргізді.
Aqseptence Group GmbH  компаниясы Рassavant, Johnson screens, geiger және Noggerath сияқты брендтері бар су жабдықтарын өндіретін көшбасшы кәсіпорын болып табылады. Aqseptence Group GmbH компаниясының сату бойынша Еуропадағы аймақтық менеджері Марк-Андре Льяшенко  су, ағын сулар, қалада  және өнеркәсіпте қолдануға арналған жауын суын қайта өңдеу туралы баяндап, су іркуіш және гидротехникалық құрылыстар, биологиялық тазалау, шағын фильтрация, тиек құрылғылары мәселелері бойынша шешімдер ұсынды.
Арын және газ құбыржолына және арналған ілмекті арматура мен сынбайтын шойыннан жасалған фитинг, ғимараттарға арналған кәріз жүйесі жабдықтарын өндіретін Düker GmbH & Co. KgaA компаниясының сату бойынша аймақтық менеджері Томас Экель DN 1600 диаметрге дейінгі жоғары номиналды сумен жабдықтау желісі,  ілмекті арматура және DN 1200-ға дейінгі клапондар бойынша қызмет көрсететінін айтып, су  құбыры, газ, инженерлік құрылыс салаларындағы құбырларға арналған бөлшектерді тасымалдау үшін қазақстандық импорттаушылар мен дистрибьюторлармен,  сулы жер асты құрылысымен айналысатын компаниялармен бірлесе жұмыс атқаруға ниетті екендірін білдірді.

SEBA Hydrometrie GmbH & Co. KG компаниясының өкілі Филип Тойринг:
«SEBA Hydrometrie GmbH & Co. KG компаниясы Гидрология, метеорология және гидрометрия салаларындағы мәселелерді шешуге бағытталған батериялық  өлшеу аспаптары мен мониторингтік құрылғыларды өндіреді. Біз мобильді және стационарлық гидрологиялық өлшеу аспаптары, жер асты және жер үсті сулары (судың жай-күйі. су ағынының жылдамдығы, су шығыны), судың сапасы, метерология, кәріз жүйелеріндегі қалдық суларды өлшейтін құралдар, тәуелсіз өлшеу жүйелеріндегі сараптама,  жаңа сандық әдіс сияқты мәселер төңірегінде қызметтер ұсына аламыз. Қазақстаннан сумен жабдықтау және санитария саласы, қоршаған орта мониторингі  бойынша мемлекеттік және жеке-меншік серіктестер және  панельді құрастыру үшін электрондық және механикалық шеберханалары бар фирмаларды іздейміз",- деді.
Конференция барысында бұдан өзге STÜWA Konrad Stükerjürgen GmbH компаниясының  өкілі Александр Деев, Helmholtz Zentrum für Umweltforschung GmbH (UFZ) компаниясының бас маманы Вольфганг Буш,   Werner Wils Düsensauginfiltrations GmbH  директоры Вернер Вилс және  UNI-SERVICE GmbH/ТОО UNI- СЕРВИС директоры Жанна  Болегенова да су ресурстары бойынша әріптестікті дамытуды мүмкіндік беретін өз компанияларының мақсат-міндеттерін таныстырды.
Сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық университеті халықаралық инновациялық институтының директоры Марат Бексұлтанов қонақтарды ҚазҰАУ базасында жаңадан ашылған Агротехникалық ХАБ-тың жұмысымен хабардар етті.  
 
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты