«Агродаму» консорциумы ауылшаруашылығының дамуына серпін бермек - Қазақ Ұлттық Аграрлық Зерттеу Университеті

Новость #25 Статистика

«Агродаму» консорциумы ауылшаруашылығының дамуына серпін бермек

Бүгінде Мемлекеттің берген жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Қазақ ұлттық аграрлық университеті әлемдік дең­гейдегі зерттеу университетіне трансформа­циялануға жұмылуда. Қазіргі күні университет еліміздегі аграрлық сала мамандарын даярлайтын алдыңғықатарлы жоғары оқу орны саналады.

фото

Соңғы уақыттарда Елбасы инновациялық технологиялардың дамуына көп көңіл бөлу қажеттігін баса айтуда. Бұл ретте аграрлық сала мамандары мемлекет қойып отырған талап деңгейінен көрінуді өздерінің парыз-міндетері деп біліп отыр. Еліміздің қазіргі стратегиялық міндеті – Қазақстан шикізат өндіруші емес, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші-өңдеуші және экспорттаушы ел ретінде бәсекеге қабілетті мемлекет болуын қамтамасыз ету. Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университеті ауыл шаруашылығы білімінің және өндірісінің инновацияларының ұйытқысы ретінде тың бастамаларға мұрындық болып келеді.

Жаңа бағыттарды жандандыруды қолға алған университетте 2014 жылдың 28 ақпан күні «Жаңғыру, инновация және инвестициялар: Қазақстанның аграрлық саласын кешенді дамыту» атты тақырыпта «АгроДаму»  аграрлық ғылыми-өндірістік Консорциумының жалпы кеңесі өтті.

Жиынның мақсаты – Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған Жолдауында айқындалған міндеттемелерді жүзеге асыру барысында ел экономикасын өркендетудегі ауыл шаруашылығы саласының маңызын арттырып, ғылым мен өндірістің өзара қатынасына тың серпін беріп, тәжірибе алмасу.
Ғылыми басқосуда сондай-ақ республикамыздың ауыл шаруашылығы саласын жаңа талаптарға сай дамыту барысындағы «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумның ықпалы  мен еліміздегі тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа формалары төңірегінде келелі мәселелер қозғалды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған ҚазҰАУ ректоры Т.И.Есполов Консорциум құрылымы уақыт өткен сайын кеңейіп, атқаратын іс-шаралар ауқымы да ұлғайғандығын айта келе, Қазақстанда өндірілетін ауылшаруашылық өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында инновациялық технологияларды ұсыну, өндіріске енгізу арқылы игі шараларға бастамашыл болып, оны жүзеге асыруда Қазақ Ұлттық аграрлық университеті ғалымдары мен жалпы Консорциум мүшелері бірлесіп нәтижелі жүмыстар атқаратынына сенім білдірді.
 
фото
 

Тілектес Есполов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик:
«- Барша Қазақстан халқы Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын зор ықыласпен қабыл алды. Биылғы Жолдау «Қазақстан-2050» стратегиясын» жүзеге асыруға негізделгендіктен,  қоғамдағы әр саланың даму жолдары анықталып, жаңа талаптар жүктелді.
 
Ғаламдық экономиканың даму ерекшеліктерін бағамдай отырып ХХІ ғасырдың жаһандық жеті сын-қатерін белгілеу арқылы еліміздің экономикасын дамытудың жаңа бағытын анықтады. Оларды шешудегі ғылым мен білімнің жауапкершілігін белгіледі.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы ел экономикасының тиімділігін арттырып, шағын бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2015 жылға дейін оларға тексеру жүргізуге мораторий жариялады. Осы шешім біздің ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де тиімді.

Себебі, еліміздегі агроқұрылымдардың басым көпшілігі кішігірім  шаруа қожалықтары.


Біз әруақытта ғылым мен өндірісті ұштастыра білуіміз керек, ол Қазақстанның әлемдегі ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы жетекші елдер қатарына қосылу мүмкіндігін арттыра түседі. Осы тұрғыдан алғанда ғалымдардың алдында үлкен міндеттер күтіп тұр.

Осы жолда аграрлық ғылым мен білімнің көшбасшысы саналатын Қазақ Ұлттық аграрлық университеті бірқатар бастамалар көтеріп, жүзеге асырып келеді.

Соның бірі ғылым, білім және өндірісті нақты интеграциялау үшін 2011 жылы «Агродаму» Аграрлық ғылыми-өндірістік консорциум құрылды. Әріптес ретінде жұмыс жұмыс жүргізу нәтижесінде осы күнге дейін жалпы құны 250 млн. теңгені құрайтын 13 келісім-шарттарға қол қойылып, нақты жобалар әске қосылуда.Бұған қоса Консорциум жұмысын жан-жақты көрсетіп, қоғамды ақпараттандырып отыру үшін «АгроДаму» электронды сайты іске қосылған.

Бүгінде Консорциум құрамына  «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі, аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары, ұлттық компаниялар, ғылыми - зерттеу институттары сондай-ақ өндіріс ұйымдары және құрылымдар осындай интеграциялауға қызығушылық білдіріп мүше болды. Енді аталған Консорциум мүшелері табандылық танытып, аграрлық саланы көтеруде орасан жұмыстар атқаруға тиіс.»

фото

Консорциум Кеңесінің жұмысына сондай-ақ ҚР парламент Мәжілісінің депутаты Роман Ким, ҚР  Ауылшаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және сараптама департаменті директоры Серік Ибраев, «КазАгроМаркетинг» АҚ басқарма төрағасы Дархан Даутов, «КазАгрФинанс» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Джувашев, ҚазҰАУпрофессоры Аюп Искаков сынды лауазымды тұлғалар мен ғалымдар қатысып, тұшымды баяндамалар жасады.

фото

Маңызды жиынға  Консорциум мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен еліміздің әр аймақтарындағы  ауыл шаруашылығымен айналысатын компания басшылары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары,  шаруашылық жетекшілері, аграрлық саланың өзге де білікті мамандары, ҚазҰАУ-дың профессорлық-оқытушылар құрамы, студент жастар, магистранттар мен докторанттар және БАҚ өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты. Сонымен қатар Кеңес барысында Консорциумға бірнеше жаңа мүшелер қабылданып, бірқатар ғылыми жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік беретін келісім-шарттар қаралып, арнайы қарар қабылданды.

фото
 
ҚазҰАУ баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген М. Ботабеков
Читайте также Жаңалықтар мұрағаты